Қызылжар станциясы
5-11-25
Білім бөлімінің басты бетіне қайту
Сіз қалай біздің ұйымның жұмыс нәтижелерін бағалайсыз?
дауыс беру
өте жақсы - 132
жақсы - 25
жаман - 23
жауап беруге қиналамын - 20
жай ғана - 19
Барлығы дауыс берді: 219
нәтижені қарау
Сайтқа кіру статистикасы
Бір жылда28146
Бір айда1727
Бір аптада245
Кеше59
Тәулік1
Басты бет

Өткенді  бағаламайынша, 

бүгінгіні  бағалап,  келешекке 

қадам  басу  мүмкін  емес...

 

Тарихы  терең,  тағылымы  мол  білім  ордасы

Қызылжар  жалпы орта  білім  беретін мектебінің тарихы

 

Бұл  мектеп  1938 жылы  бір  қабатты  бастауыш  мектеп  болып  салынған  екен. Сол  бастауыш  мектеп  1947 жылы  жеті  жылдық  мектеп  болып  ашылады.  Жеті  жылдық  мектептің  директоры  Әубәкіров  Хамит  болған. 

Әубәкіров  Хамит  1917 жылы 28 сәуірде Жезқазған облысы Атасу кентінде дүниеге келген. 1932 жылы Ақмола қаласындағы Сталин  атындағы  жетіжылдық  мектебін  бітіріп,  1933 жылы  Көкшетау  педагогикалық  техникумына  түсіп,  1935 жылы  бітірген.  1936 жылы  Семей  қазақ  педагогикалық  институтының  тарих  факультетіне  түсіп,  1938 жылы  тарих  пәні  мұғалімі  мамандығы  бойынша  тәмамдаған.  1941-1945 жылдары  газеттерге  штаттан  тыс  тілші  ретінде  мақалалар  жариялап  отырған.  1948- жылдан  бастап  Қызылжар  жетіжылдық  мектебінде  директор  болып  қызмет  атқарған.

Ал  1950 жылдан  бастап  мектеп  директоры  Байдаулетов  Қаппар  болған.  Қызылжар  жалпы  орта  білім  беретін  мектебінің  негізін  салған  Қаппар  Байдаулетұлы  өткен  ғасырдың  1921 жылында  Түгіскен  ауылында  дүниеге  келген.  Ата-анасынан  ерте  айырылған  Қаппар  Байдаулетұлының  балалық  шағы  жетімдікпен  өтеді.  Еті  тірі,  ширақ  болған  ол  қиындыққа  мойымай  Петропавл  қаласындағы  мұғалімдер  даярлайтын  училищеге  түсіп,  оқып  бітіреді.  Ұлы  Отан  соғысы  кезінде  майданға  аттанып,  Кеңес  Одағының  Қиыр  Шығыс  шекарасында  жапон  милитаристерін  талқандауға  қатысады.  Соғыстан  соң  елге  оралған  ол  Жаңаарқа  ауданының  аудандық  оқу  бөлімінде  инспектор,  Өркендеу  ауылында  мектеп  директоры  қызметін  атқарады.  Бірнеше  мәрте  аудандық  кеңестің  депутаты   болып  сайланады.  Аудандық  партия  комитетінің  пленум  мүшесі  болады.  Елуінші  жылдардың  соңына  қарай  Қызылжар  стансасындағы  мектептің  директоры  болып  тағайындалады.  Ол  кезде  Қызылжардағы  мектеп  үйі  ескі болса  керек.  Жаңа  мектеп  үйін  салуға  бел  шеше  кіріскен  Қаппар  Байдаулетұлы  мектеп  үйінің  алғаш  іргетасын  өз  қолымен  құяды. Міне  осы  мектеп  бүгінгі  күні  Қызылжар  жалпы  орта  білім  беретін  мектебі  болып,  балалардың  көңіліне  білім  нұрын  сеуіп  келеді.  Қазақ  және  орыс  тілдерінде  оқытып,  тәрбие  беретін  осы  мектепті  бітірген  талай  азамат  бүгінде  еліміздің  түпкір-түпкірінде  Отанымыздың  игілігі  үшін  қызмет  атқарып  жүр.

Оқушылар  санының  көбеюіне  байланысты  Қызылжар  негізгі  мектебі  1961 жылы  екі  қабатты  №168-ші  сегізжылдық  аралас  мектеп  болып  үлкейтіліп  салынған.  Мектепті  Қаппар  Байдаулетұлы  1966 жылға  дейін  басқарған.  1987 жылы  негізгі  мектеп,  Қызылжар  орта  мектебі  болып  бекітілді.  Сонымен  қатар  осы  мектепте  төмендегі  директорлар  қызмет  атқарды.

1966-1973 жылдар  аралығында  Әбдірахманов  Қасқырбай  мектеп  директоры  болған.  Қазақ  тілі  және  әдебиеті  пәнінің  маманы қасқырбай  ағай  1951 жылы  Қарағанды  облысы  Жаңаарқа  ауданы  Қызылжар  стансасына  қоныс  аударып  ұстаздық  қызмет,  онан  соң  оқу  ісінің  меңгерушісі,  1966 жылдан  бастап  мектеп  директоры  қызметін  атқарады.  Атқарған  еңбектерінің  нәтижесінде  бірнеше  мәрте  Түгіскен  селолық  советіне  депутат  болған,  Алматы  қаласында  болған  темір  жол  мектебі  мұғалімдерінің  съезіне  делегат  болып  барып  қайтқан. 

1973-1978 жылдар  аралығында  математика  пәнінің  мұғалімі  Сәбит  Қазбекұлы  Қазбеков  мектеп  директоры  қызметін  атқарған.  Түгіскен  орта  мектебінің  алғашқы  түлегі  Сәбит  Қазбекұлы  халқына  атқарған  еңбегінің  арқасында  1984 жылы  «Еңбек  ардагері»  медалімен  құрметтелген.

1979-1980 жылдар  аралығында  мектеп  директоры  болған  Шәрбан  Ысқаққызы – Қызылжар  сегізжылдық  мектебінің  түлегі.  Өзінің  еңбек  жолын  оқыған  мектебінен  бастаған  Шәрбан  Ысқаққызы  мектеп  директорына  дейін  көтеріліп,  қызмет  бабымен  Жезқазған  аумақтық  білім  және  ғылым  қызметкерлері  кәсіподағы  төрағасының  орынбасры  қызметін  атқара  жүріп,  бірнеше  лауазымдық  қызметтік  атақтарға  ие  болды.  Атап  айтсақ:  «ҚР  білім  беру  ісінің   үздігі»,  «ҚР білім  беру  жүйесінің  құрметті  қызметкері»,  «ҚР білім  беру  жүйесінің  құрметті  азаматшасы».  Бүгінде  бейнетінің  зейнетін  көрген  құрметті  зейнеткер.

1980 жылдың  30 қаңтарынан  бастап  1986 жылдың  10 наурызы  аралығында  Ыбыраев  Бейіш  Зікірияұлы  аталмыш  мектепте  директорлық  қызмет  атқарған.  Сол   жылдардағы  еңбегі  үшін  «Еңбек  ардагері»  медалімен  марапатталған.

  Жаңаарқа  ауданының  мектеп  инспекторы  қызметінде  жұмыс  жасап  жүрген  Қуанышбеков  Ермек  Зейнуллаұлы  Қызылжар  сегізжылдық  мектебінде  1986-1987 жылдар  аралығында  директор болып  қызмет  атқарды.

Осы  Қызылжар  сегізжылдық  мектебінің  1976 жылғы  түлегі  Қадірсізов  Уалихан  Анасұлы  1987-1995 жылдар  аралығында  өзі  оқыған  мектебінде  директорлық  қызмет атқарды.  1996-1999 жылдар  аралығында  аталмыш  мектепте  осы  мектеп  түлегі  Садуақасова  Балдырған  Құралқызы  мектеп  директоры  болып,  одан  соң  қызмет  бабымен  Қарағанды  қалалық  білім  бөліміне  әдіскер  болып  ауысып  кетті.  Одан  соң  1999-2000 жылдар  аралығында  осы  мектептің  1982 жылдан  бергі химия  пәнінің  мұғалімі  Балабаева  Тұрсын  Құрманбайқызы  мектеп  директоры  қызметін  атқарды.  Кейіннен ол  кісі  де  қызметі  жоғарылап  Жезқазған  қаласындағы  Байқоңыров  атындағы  университетке  аға  мұғалім  болып  ауысып  кетті. 

2000 жылдың  28 ақпанынан  бастап  2004 жылдың  маусымына  дейін  Қызылжар  орта  мектебінің  директоры  болып  Ақтүбек  ауылының  тумасы  Ақышев  Жаролла  директорлық  қызмет  атқарды.  Жоғары  білімді,  жоғары  санаттағы  қазақ  тілі  мен  әдебиеті  пәнінің  мұғалімі   Жаролла  ағай  қызмет  бабымен  Қарағанды  облыстық  білім  басқармасына  қарасты  №16 кәсіптік  лицей  мемлекеттік  мекемесіне  директорлық  қызметке  ауысты.

Қызылжар  орта  мектебінің  жоғары  санатты  ұстазы  қазақ  тілі  мен  әдебиет  пәнінің  мұғалімі  Сәрсенова  Дариха  Әбжаппарқызы  2004-2007 жылдар  аралығында  мектеп  директоры  қызметін  атқарды.  Бүгінгі  күні  зейнеткерлік  демалыста,  сіңірген  еңбегі  бағаланып  2016 жылы  «Ыбырай  Алтынсарин»  атындағы  төсбелгі  иегері.

2007 жылдан  бастап  бүгінгі  күнге  дейін  Қызылжар  жалпы  орта  білім  беретін  мектебінің  мектеп  директоры  Жайлаубаев  Дүйсенбай  Соқабайұлы.  Еңбек  жолын  Кенжебай-Самай  негізгі  мектебінде  мұғалім  болып  бастаған  Дүйсекең  аталмыш  мектепте  оқу  ісінің  меңгерушісі  қызметін  атқарды.  2001 жылдан  бастап  Түгіскен  орта  мектебінде  тәрбие  ісінің  меңгерушісі  болып,  қызмет  бабымен  білім  беру  жолындағы  жасаған  еңбектері  еленіп  2007  жылдан  бастап  Қызылжар  ЖОББ мектебінің  мектеп  директоры  қызметіне  ауысты.  Осы  жылдан  бері  тынбай  атқарған  қызметтері  үшін  білім  беру  ісінде  бірнеше  жоғары  марапаттар  иесі,  атап  айтсақ:  Жаңаарқа  аудандық  білім  беру  бөлімінің  «Құрмет  грамотасымен»  2005 жылы,  Қазақстан  Республикасы  кәсіподақтары  федерациясының  «Құрмет  грамотасы»  2009 жылы,  Жаңаарқа  ауданы  әкімі  мен  мәслихатының  «Құрмет  грамотасы»  2009 жыл,  Қазақстан  Республикасы  Қарағанды  облысы  білім  басқармасының  «Құрмет  грамотасымен»  2010 жылы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен наградталды, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін Министр Е.Сағадиевтен «Алғыс» 2017 жыл.

         1988 жылы  еңбек  жолын  осы  мектептен  бастаған  математика  пәнінің  мұғалімі  Жамбекова  Алтын  Мұсатайқызы  1996 жылдан  бері  оқу  ісінің  меңгерушісі  болып  қажырлы  еңбек  жасауда.  Алтын  Мұсатайқызы  білім  беру  саласында  алған  марапаттары  мен  оқушыларының  жетістіктері  мол  жоғарғы  санатты  математика  пәнінің  мұғалімі.

         Алғашқы  еңбек  жолын  Сарысу  мектебінен  бастаған  Дадуова  Батиха  Ниязкенқызы  1987 жылдан  бастап  Қызылжар  ЖОББ мектебінде  еңбек  жолын  жалғастыруда.  Жоғарғы  санатты  биология  пәнінің  мұғалімі  Батиха  апай  бірнеше  жылдан  бері  тәрбие  ісінің  меңгерушісі  болып  тынбай  қызмет  атқаруда.  Сол  еңбегінің  нәтижесінде  бірнеше  жоғарғы  марапаттар  иесі,  берген  білімінің  нәтижесінде  биология  пәнінен  оқушылары  ҰБТ-дан   жылда 100 пайыз  көрсеткіш  көрсетеді. Еңбектері  еленіп  бірнеше  құрмет  грамоталарын  алды.

         Қызылжар  ЖОББ мекктебінде  көптеген зиялы ұстаздар қызмет жасады. Ол кісілердің мектебімізге, оқушыларға білім беруде сіңірген еңбектері зор.  Баланың  білімді  де  білгір,  дарынды  да  алғыр  болуы  мектепке,  ондағы  ұстаздарға  байланысты  екені  ақиқат  ұғым.  Олай  болса,  бірінші  кезектегі  мәселе  мұғалімнің  кәсіби  білімін  арттырумен  қатар,  олардың  ақпараттық  мәдениетін,  жаңа  деңгейдегі  педагогикалық  қарым-қатынасын,  шығармашылық  және  ғылыми-зерттеу  қызметін  дамыту.  Жаңа  тұрпатты  педагогтың  құзіреттілігін  қалыптастырып,  ақпараттық-әдістемелік  шеберлігін  дамытып,  электрондық  портфолиосын  толықтыру.  Осы  талаптарға  сай  ұстаздар  біздің  мектепте  баршылық,  мектептің  жетістіктері  өз  алдына.

         Қызылжар  ЖОББ мектебінен  білім  алып,  бүгінгі  күні  әртүрлі  салада  қызмет  атқарып  жүрген  құрметті  лауазым  иелері  де қаншама...